Этикалық қағидаттар, авторлық құқық, мүдделер қайшылығы және ретракция тәртібі.
Журнал бұрын еш жерде жарияланбаған, басылым тақырыбына сәйкес, ғылыми жаңалығы бар және авторлардың өз зерттеу нәтижелерін қамтитын неғұрлым маңызды ғылыми еңбектерді жариялайды. Мақалалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады.
Авторлар өз еңбектеріне құқықтарын сақтайды, авторлық пен «САРДАР» журналындағы жарияланымға міндетті сілтеме жасалған жағдайда оларды еркін пайдалануға рұқсат береді. Авторлар мақаласын журналдағы түпнұсқа жарияланымға міндетті сілтеме бере отырып, басқа дереккөздерде тарата алады.
Ретракция плагиат, қайталанатын жарияланымдар, деректерді қолдан жасау мен бұрмалау, жұмыстың ғылыми құндылығына күмән келтіретін елеулі қателіктер, авторлар тізімінің дұрыс көрсетілмеуі, жасырын мүдделер қайшылығы, автордың келісімінсіз жариялау анықталғанда қолданылады.
Ретракция туралы шешімді редакция немесе автор(лар) өтініші бойынша қабылдайды. Автор ретракция және оның себептері туралы хабардар етіледі. Қайтарылған мақала журнал мұрағатында «ҚАЙТАРЫЛДЫ / RETRACTED» белгісімен, ретракция күні мен себебі көрсетіліп сақталады. Ретракцияланған мақалалар үшін жарияланым ақысы қайтарылмайды.
Бас редактор. Журнал қызметіне жалпы басшылық жасайды, оның ғылыми бағытын айқындайды, шығарылымдардың тақырыптық мазмұнын бекітеді, журналды жариялау туралы түпкілікті шешім қабылдайды, сондай-ақ журналдың ғылыми деңгейі мен редакциялық саясаттың сақталуы үшін жауап береді.
Бас редактордың орынбасары. Ағымдағы редакциялық жұмысты ұйымдастыруды қамтамасыз етеді, материалдарды шығарылымға дайындауды үйлестіреді, сондай-ақ журналдың кезекті нөмірін дайындау жайын бас редакторға баяндайды.
Ғылыми редактор. Келіп түскен материалдарға ғылыми және мазмұндық тексеру жүргізеді, олардың журнал бейініне, ғылыми жарияланымға қойылатын талаптарға, зерттеу логикасына, терминологиялық дәлдігі мен тұжырымдардың негізділігіне сәйкестігін бағалайды, сондай-ақ мақалаларды қабылдамау немесе мақұлдау туралы шешім қабылдайды, редакторлар мен авторлар арасындағы келіспеушіліктерді шешеді.
Техникалық хатшы. Редакциялық процесті ұйымдастырушылық-техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді, келіп түскен материалдарды қабылдап тіркейді, авторлармен және рецензенттермен хат алмасуды жүргізеді, мақалаларды рецензиялауға жібереді, рецензияларды алу мерзімдерін бақылайды, мақалалар бойынша қажетті құжаттарды жинайды, материалдардың толықтығын тексереді және оларды одан әрі қарауға, жариялауға дайындауға беруді қамтамасыз етеді.